Жамбыл облысының ПД бастығы тұрғындармен кездесті
Жамбыл облысының ПД бастығы тұрғындармен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы әр апта сайын азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдайды.
Кезекті қабылдауға өз мәселелерін шешуге көмек сұрап 10 тұрғын келді. Тараз қаласының тұрғыны жаңа 15-шағын ауданда тыйым салу және ескерту жол белгілері мен бейнебақылау камераларын орнатуды сұрады. Жауапты тұлғаларға бұл мәселені заңнама аясында зерделеуді тапсырды.
Облыс орталығының тағы бір тұрғынынан учаскелік полиция инспекторына шағым түсті. Оған қатысты қызметтік тергеу жүргізілетін болады.
– Біз бір тәртіпсіз қызметкердің кесірінен азаматтардың полицейлерге сенуін доғаруына жол бермейміз. Мұндай жағдайлардың қатаң түрде жолы кесілетін болады, – деп атап өтті Арманбек Баймурзин.
Сондай-ақ алаяқтық бойынша бірқатар шағымдар түсті: бір алаяқ көп балалы анаға жәрдемақы алуға көмектесуге уәде берсе, екіншісі – басқа біреудің үйін заңсыз рәсімдеген. Өтініш иелеріне құқықтық кеңес берілді.
Барлық деректер бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар берілді. Олардың орындалуы бойынша қабылданған шаралар туралы есептерді ПД бастығы апта сайын тыңдайды.