Алматыдағы түнгі клубтардың бірінде есірткі сатушы ұсталды
Алматыдағы түнгі клубтардың бірінде есірткі сатушы ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел уәкілдер мен полицияның арнайы жасақтары Алматының Медеу ауданындағы ойын-сауық мекемесінде синтетикалық есірткі сатумен айналысқан күдіктіні ұстады. Арнайы іс-шара қала прокуратурасының үйлестіруімен «Есірткі бизнесіне қарсы күрес» жобасы аясында жүргізілді.
– Күдіктіні жеке тінту кезінде одан қара изолентаға оралған бума табылды және тәркіленді. Алдын ала мәліметтер бойынша, оның ішінде ерекше иісі бар ақ түсті ұнтақ түріндегі синтетикалық есірткі болды. 28 жастағы Б.есімді азаматтың айтуынша, ол бұл «чекті» таныс қызының өтініші бойынша сатып алған. Біздің жедел деректерге сәйкес, ол – осыған ұқсас қылмысты бірнеше рет жасаған есірткі сатушысы. Қазіргі уақытта бірқатар арнайы сараптамалар тағайындалды. Бұл дерек ҚР ҚК-нің 297-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді, – деді Алматы қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Әлмағамбетов.
Күдіктінің бұрын жақын маңдағы түнгі клубта диджей болып жұмыс істегені белгілі болды. Оған қоса, ол адамды тонағаны үшін жазасын өтеген. Қылмыстық істің басқа да мән-жайлары ҚР ҚПК-нің 201-бабы және ҚР Конституциясының нормаларына сәйкес жария етуге жатпайды.