СҚО-да жол үстінде телефон қолданған 218 жүргізуші жауапқа тартылды
СҚО-да жол үстінде телефон қолданған 218 жүргізуші жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен аптада облыс жолдарында жол жүрісі қағидаларын бұзудың 2614 фактісі анықталды. Ең жиі жасалатын бұзушылықтар – қауіпсіздік белдігін тақпау. Тағылмаған белбеу жол-көлік оқиғасы болған жағдайда апат салдарының ауырлығын арттырады. Мұндай 360 факті тіркелді. Рөлде келе жатып телефонмен сөйлескен 218 жүргізуші жауапкершілікке тартылды.
Жаяу жүргіншілер де полицейлердің назарында болды. Сақшылар айтып өткендей, осы жылдың 3 айында тіркелген 35 жол апатының 9-ы жаяу жүргіншілерді қағып кетумен байланысты. Жолдың рұқсат етілмеген жерінен өту немесе бағдаршамның тыйым салынған түсіне өту – төрт жол апатына себеп болған. Қалған жағдайларда жүргізушілер қозғалыс кезінде жаяу жүргіншілерге басымдық бермеген. Өткен аптада жол жүрісі қағидаларын бұзған 282 жаяу жүргінші және жаяу жүргіншілер өткелінен өту ережелерін бұзған 46 жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Тәртіп сақшылары ескерткендей, өткелге жақындаған жүргізушілер оқыс оқиға болған жағдайда уақытылы шаралар қабылдай алуы үшін жылдамдықты азайтуы қажет.
– Аталған фактілер 10-16 сәуір аралығында өткізілген «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде анықталды. ЖПІШ кезінде анықталған өрескел бұзушылықтардың 259-ы – жылдамдықты асыру, 58-і – маневр жасау қағидаларын бұзу, 29-ы – бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өту. Жолдың қарсы қозғалыс бөлігіне шығу бойынша 5 дерек тіркелген. Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері көлік құралын мас күйде басқарудың 27 дерегін анықтады. Олардың әрқайсысы қайғылы аяқталуы мүмкін еді. Көлік тізгініне мас күйде отыратын жүргізушілер көлік басқару құқығынан 7 жылға айырылады, – дейді СҚО ПД ЖПҚ басқармасының бастығы Айдын Байматов.