ІІМ командасы армиялық жекпе-жек ұрысынан қорғаныс министрінің кубогында үшінші орынды жеңіп алды
Мереке қарсаңында Алматыда армиялық жекпе-жек ұрысынан қорғаныс министрінің кубогына ашық турнир өтті. Жалпыкомандалық есепте ІІМ құрамасы үшінші орынға ие болды, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.
Полиция ведомствосының намысын қызметкерлер сегіз салмақ дәрежесінде қорғады. Олардың төртеуі жүлделі орындарға ие болды.
80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қызылорда облысы полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағының инспекторы Нұрбол Ысқақов өнер көрсетті. 33 жастағы офицер – Қазақстан Республикасының спорт шебері. Ол барлық қарсыластарын жеңіп, бірінші орынды қанжығасына байлады.
Әріптесінің жеңісті жолын Ақмола облысы полиция департаменті жылдам қимылдайтын арнайы жасағының взвод командирі Рахметулла Сатывалдиев жалғастырды. 88 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен тәртіп сақшысы – халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Ауыр салмақтағы спортшылар да жақсы нәтиже көрсетті. 97 келіге дейінгі санатта «алтын» Атырау облысы полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағының аға инспекторы Эльдар Мұхитовқа бұйырды. Ал 97 келіден жоғары санатта ІІМ өкілі – Ақтөбе полициясының қызметкері Нұрсұлтан Махметов үшінші орынды жеңіп алды.
Айта кету керек, ІІМ спорт түрлерін дамытуға және жеке құрамның дене шынықтыруына ерекше назар аударады.