Марат Ахметжанов ҚарМУ студенттерімен кездесті
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне барып, студенттермен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.
Шара барысында ведомство басшысы жоғары оқу орнының ректоры Нұрлан Дулатбековпен бірге Евней Арыстанұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, құрмет білдірді.
Полиция генерал-полковнигімен кездесуге білім ордасының оқытушылары, тек заң ғана емес, басқа да факультеттердің студенттері, сонымен қатар әскери кафедраның білім алушылары қатысты.
Ашық форматтағы жиында министр Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен бірге қамтамасыз ету тұжырымдамасы туралы айтты. Бұл құжатта түрлі проблемалық мәселелер көтерілген. Сондықтан да оның мәнін ұғып, азаматтардың амандығы мен тыныштығы үшін бірлесіп жұмыс жасау ел болашағы жастар үшін маңызды.
– Біліммен бірге мәдениет, тәрбие жүруі керек. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» деп Әл-Фараби тегін айтпаған. Өкінішке орай, білім алып жатқан химиктердің арасында синтетикалық есірткі жасап жатқандар, білім алып жатқан IT-мамандарының арасында алаяқтық жасап, зейнеткерлерді, жұмыскерлерді алдап жатқандар бар. Сондықтан біліммен қоса ұстамдық пен тәрбие беру қажет, – деді министр.
Министр жастардың ұсыныстарын да тыңдады. Жақсы өзгерістерге деген қадамды бірге жасауға шақырып, тұжырымдама жобасын онлайн талқылау мүмкін екенін еске салды.