Ақмола облысында 36 жүргізуші балаларды тасымалдау ережелерін бұзған
Ақмола облысында 36 жүргізуші балаларды тасымалдау ережелерін бұзған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жолдарда балалар жарақаты жағдайлары әсіресе көктем, жаз кезеңінде күрделене түседі. Балалар велосипедпен, гироскутерлермен, роликтермен, скейтбордтармен жүреді.
Сонымен қатар балалар бұл қозғалу құралдарына қатысты белгілі бір жол қозғалысы ережелері де бар екендігін білмейді. Өкінішке орай, барлық ата-аналар бұл мәселеге назар аудармайды. Ал кейбіреулері жол ережелерін бұзып, теріс үлгі көрсетеді.
Жазғы демалыс қарсаңында полиция қызметкерлері балаларды қауіпсіз тасымалдау, жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту, көлік құралдарын тоқтату және тұраққа қою ережелерінің сақталуын ерекше бақылайды, сондай-ақ жаяу жүргіншілер тарапынан да бұзушылықтардың жолын кеседі.
Естеріңізге сала кетсек, Ақмола облысының аумағында екінші күн «Назар аударыңыздар, балалар!” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Оның мақсаты – балалардың жол-көлік жарақаттарының алдын алу.
Сондай-ақ полицейлер көліктегі барлық адамдарға қауіпсіздік белдігін тағу керектігін ескертеді. Қауіпсіздік белдігін тақпаған жолаушы апат кезінде өз денесімен басқа жолаушыларды, соның ішінде балаларды да ауыр жарақаттауы мүмкін. Бұл ретте биіктігі 150 см-ден төмен баланы арнайы құралдарды-балалар автокреслосын немесе бустерді пайдаланбай қауіпсіз байлау мүмкін емес екендігін есте сақтағаны жөн.
Айта кету керек, ЖПІШ кезеңінде жол қозғалысы ережелерінің 159 бұзушылығының алды алынды, оның ішінде 10 жүргізушіге жолаушыларды қауіпсіздік белдіктері мен автокөлік орындықтарын пайдаланбай тасымалдағаны үшін айыппұл салынды.