Екібастұзда көлік басқару құқығы жоқ мас жүргізуші анықталды
Екібастұзда көлік басқару құқығы жоқ мас жүргізуші анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша алдын алу іс-шараларын жүргізу кезінде Екібастұз қаласының полиция қызметкерлері автокөлікті мас күйінде және жүргізуші куәлігінсіз жүргізу фактісін анықтады. 18 мамырда жол жүру ережелерін бұзғаны үшін сағат 16.00 шамасында полицейлер арнайы дауыс зорайтқыш құрылғының көмегімен Ваз-21154 автокөлігін тоқтатуға тырысты. Алайда жүргізуші полиция қызметкерлерінің көлікті тоқтату туралы талаптарын елемей, әрі қарай жүре берді және жасырынуға тырысты.
– Құқық бұзушы ұсталды. Медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, ер адам рөлде «орташа дәрежелі» мас күйде болған. Сонымен қатар оның көлік құралдарын басқаруға құқығы жоқ екені анықталды. Автокөлік мамандандырылған тұраққа қойылды. Осы факті бойынша 24 жастағы жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 6-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама жасалды, материал сотқа жіберілді. Сот қаулысымен жүргізуші 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды, – деді Екібастұз қаласы ПБ патрульдік полиция ротасының командирі Фаруз Күсембеков.
Айта кетейік, биыл тек Екібастұз полицейлері өңір бойынша мас күйде көлік басқарған 78 жүргізушінің жолын кесті. Барлығы жауапкершілікке тартылды.