Павлодарлық полицейлер тәркіленген есірткі заттарын жойды
Павлодарлық полицейлер тәркіленген есірткі заттарын жойды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысы полиция департаментінің полиция қызметкерлері 2022 жылы қылмыстық істердің фигуранты болған азаматтардан табылған және алынған есірткілерді жою бойынша іс-шара өткізді. Жойылуға жататын есірткі тиісті актімен жойылды. Мөрленген қораптар, есірткі салынған конверттер, оларды дайындауға сақтауға және тұтынуға арналған құрылғылар (есірткі заттарының іздері бар шприцтер, темекі шегуге арналған түтіктер, химиялық заттар, есірткі жасауға қажетті компоненттер болып табылатын сұйықтықтар) жойылды. Бұның барлығын тәртіп сақшылары күнделікті қызмет барысында, оның ішінде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде азаматтарды, автокөлік құралдарын жеке тексеру, тінту, оқиға орындарын тексеру кезінде алып қойды.
– Барлық фактілер бойынша қылмыстық істер сотта қаралды, әрқайсысы бойынша шешім қабылданды, заттай дәлелдемелер жойылуға жатады. Комиссия зерттеу және сараптамадан өткен 36 келіден астам өсімдік және синтетикалық есірткі заттарын жинады. Есірткі құралдарын жою соттардың, сондай-ақ тергеу және анықтау органдарының шешімі негізінде жүзеге асырылады, – деді Павлодар облысы ПД есірткі қылмыстылығына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Тимур Қаржаубаев.
Павлодар облысының полиция департаменті есірткінің заңсыз айналымы фактілері туралы қандай да бір ақпараты бар азаматтардан оны 8 (7182) 39-10-38 немесе 102 телефонына хабарлауды немесе «Police 102» мобильді қосымшасын пайдалануды талап етеді.