Елордалық тұрғын дүкен алдында тұрған велосипедті ұрлап кеткен
Елордалық тұрғын дүкен алдында тұрған велосипедті ұрлап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елорда тұрғыны полицияға хабарласып екі дөңгелекті көлігі ұрланғаны туралы арызданған. Байқоңыр ауданы ПБ жедел уәкілдері жедел-іздестіру іс-шаралары кешенін жүргізу нәтижесінде аталған ұрлыққа қатысы бар адамды анықтады. Ол 46 жастағы елорда тұрғыны болып шықты.
Тергеу барысында анықталғандай, күндізгі сағат 14.40 шамасында жәбірленуші Кенесары көшесіндегі азық-түлік дүкеніне келген. Оның айтуынша, құны 40 мың теңге тұратын SPRILL велосипедін ештеңеге бекітпей, сыртта қалдырып, өзі дүкенге кіріп кеткен. Көп ұзамай сыртқа шыққанда, екі дөңгелекті көлігінің орнында жоқ екенін көрген.
Белгілі болғандай, күдікті дүкеннің жанынан өтіп бара жатып, қараусыз тұрған велосипедке мініп, белгісіз бағытқа кетіп қалған. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, ер адам мойындау көрсетпелерін берді. Оның елорда аумағында осыған ұқсас бұрын жасалған қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.