Қазақстанның көлік полицейлері Мәскеудегі әріптестерімен кездесті
6-9 маусым аралығында Мәскеу қаласында ҚР ІІМ көліктегі полиция департаменті мен Ресей Федерациясы ІІМ көліктегі бас басқармасы басшылығының жұмыс кездесуі өтті. Оған көліктегі ПД бастығы Бақытжан Малыбаев, департаменттің жедел қызметтерінің бірінші басшылары және Ресей ІІМ КББ өкілдері қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұзындығы 7 мың шақырымнан асатын ортақ шекарасы бар Қазақстан мен Ресей мемлекеттері үшін қылмыспен күрес мәселелері ерекше маңызға ие. Осыған байланысты, жұмыс кездесуінде талқыланған маңызды мәселелердің бірі теміржол, су және әуе көлігі объектілерінде азаматтардың қауіпсіздігін және олардың мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету бойынша екіжақты ынтымақтастықты дамыту болды.
– Екі елдің көлік полицейлері арасында өзара түсіністік пен сындарлы диалог негізінде құрылған тығыз қарым-қатынас орнаған. Бұған қос мемлекеттің ІІМ басшылығы арасындағы тығыз ынтымақтастық туралы бірқатар келісімдер де ықпал етуде, – деді Б. Малыбаев.
Сонымен қатар ведомство басшысы қатысушыларға департаменттің басым міндеттері мен қызметі туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Қазақстан территориясы бойынша тәулік сайын халықаралық қатынастағы 14 жолаушылар пойызы, оның ішінде Ресей Федерациясы бағытында – 12 және 130-ға жуық жүк пойызы жүреді. Теміржол арқылы тасымалданатын жүк айналымы жылына 250 миллиард тоннаға жетеді. Барлық халықаралық жолаушылар пойыздарында құқықтық тәртіп 100% қамтамасыз етіледі.
– Жалпы қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық табысты дамып келеді. Бүгінгі таңда үздік тәжірибе енгізіліп, қоғамдық қауіпсіздіктің заманауи жүйесі құрылуда. Мұндай тәсіл трансұлттық қылмысқа қарсы күресте бірлескен жұмыстарымыздың негізі саналады, – деді іс-шараны ұйымдастырушылар.
Кездесу қорытындысы бойынша құқық бұзушылықтардың алдын алуды нығайту, есірткі контрабандасына қарсы іс-қимыл, қылмыскерлерді іздестіру, халықаралық ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметі туралы жедел-маңызды ақпарат алмасу, жылжымалы құрамнан ұрлау және басқа да мәселелер бойынша нақты шаралар айқындалды.