Маңғыстаулық полицейлер арасында Президенттік көпсайыстан жарыс өтті
23 маусым – Қазақстан полициясы күніне орай Маңғыстау облысы полиция департаментінің арнайы мақсаттағы бөліністері арасында Президенттік көпсайыстан жарыс өткізілді. Екі күнге созылған тартысты додада барлығы 24 полиция қызметкері жылдамдықтары мен күштерін сынап, бәсекеге түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның ашылу салтанатында Маңғыстау облысы ПД кадр саясаты басқармасының бастығы И.Кирбасов алғысөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Айта кетейік, Президенттік көпсайыс өте күрделі қызметтік-қолданбалы спорт түріне жатады. Жарысқа қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай 4 топқа бөлінді. Олар еркін әдіспен жүзу, жауынгерлік қарудан оқ ату, қашықтыққа жүгіру және граната лақтырудан бақ сынасты.
Сайыстың алғашқы күнінде тәртіп сақшылары еркін жүзу әдісі бойынша өзара шеберліктерін ортаға салып, Макаров тапаншасынан оқ ату арқылы мергендіктерін көрсетті. Ал екінші күн Маңғыстау арена спорт кешенінде өткен қашықтыққа жүгіру мен граната лақтыруға арналды.
Жарыс қорытындысына сәйкес, 30 жасқа дейінгі топ санаты бойынша үшінші орын ПД оқу-жаттығу ротасының инспекторы Р.Халкназаровқа бұйырды. Екінші орынды ПД ЖҚАЖ инспекторы Б.Еділ еншілесе, жүлделі 1-орынға ЖҚАЖ инспекторы Е.Исмаков жайғасты.
Сондай-ақ 35 жасқа дейінгі жас аралығында сынға түскен ПД ОЖР инспекторы С.Халбаев үздіктердің үздігі деп танылды. Ал 40 жасқа дейінгі топ санаты бойынша бірінші орынды ПД ЖҚАЖ инспекторы А.Ахшатаев иеленсе, 40 жастан жоғары топ санаты бойынша қатысқан ПД жылдам қимылдайтын арнайы жасақ инспекторы Ғ.Ерболатов та жоғары нәтиже көрсетті.
Көпсайыс жеңімпаздары медальдар және дипломдармен марапатталды.
Аталмыш спорттық шараның басты мақсаты – полицейлердің физикалық дайындығын тексеру, спорттық шеберліктерін шыңдау және салауатты өмір салтын насихаттау. Сондай-ақ сында өзгелерден оқ бойы озық шыққан үздік қатысушылар Батыс Қазақстан облысында өткізілетін республикалық сайыста департаменттің намысын қорғайтын болады.