Жаңаөзенде жаңа учаскелік полиция пункті ашылды
Жаңаөзенде жаңа учаскелік полиция пункті ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қай кезде болсын, қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етіп, азаматтар үшін қолжетімді әрі тиімді болуы тиіс. Халықпен күнделікті тікелей байланыста отыратын, оқыс жағдайларда алғашқылардың бірі болып көмекке келетін – учаскелік полицейлердің бекітілген аумақтарында құқық бұзушылықтар мен қылмысты болдырмау мақсатында атқатын жұмыстары күрделі.
Қазақстан полициясы күні қарсаңында Жаңаөзен қаласы Рауан шағын ауданында орналасқан №18 көпқабатты тұрғын үйден жергілікті әкімдіктің қолдауымен жаңа учаскелік полиция пункті ашылып, пайдалануға берілді. Полиция пунктінің ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Ж.Аймағанбетов, қалалық мәслихат депутаты Ғ.Байжанов және Жаңаөзен қаласы ПБ бастығы Б.Қорғанбаев пен полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Н.Оразов қатысты.
Жаңадан ашылған полиция пунктінде учаскелік полиция инспекторы мен оның көмекшісі, сондай-ақ кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі ювеналды полиция инспекторы қызмет атқарады. Қала әкімінің орынбасары Жаңабай Аймағанбетов учаскелік полицейлерге кілт табыстап, қызметтеріне сәттілік тіледі.
Айта кетейік, Жаңаөзен қаласы бойынша барлығы 16 полиция пункті бар. Жаңадан ашылған 17-полиция пунктінде азаматтарды қабылдау күнделікті сағат 18:00 мен 21:00 аралығында жүргізіледі.