Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлттық ұланның үлгілі-көрсетілімді оркестрі әскери-музыкалық фестивальге қатысты

6 шілдеде “Астана – мәдениет керуені” I Халықаралық әскери-музыкалық фестивалінің шымылдығы ашылды. Әлемнің үздік әскери оркестрлерін елорда төріне жинаған мәдени іс-шара бас қаланың 25 жылдығына арналып отыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Амфитеатрда өткен бэнд-марафонда сегіз мемлекеттен келген әскери оркестр өнер көрсетті. Олардың арасында ҚР Ұлттық ұланының үлгілі-көрсетілімді оркестрі де бар.

Сахна төрінде Қазақстан Республикасы қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов сөз сөйлеп, қонақтарға сәттілік тіледі.

Бірінші болып Әзірбайжан елінен келген әскери ұжым өнер көрсетті. Ал қытайлықтар өздерінің ұлттық композицияларын орындады. Үндістанның Әскери-әуе күштерінің оркестрі “Renaissance”, “Bombay 1980”, “Dancing Queen”, “Imagination”, “Mexican Shuffle”, “Duniya me” және “Jai Ho” шығармаларымен жұртшылықты тәнті етті. Жапон әскери оркестрі “Naruto Main Theme”, “Obatala”, “Hamabe no Uta” және “Festal Scenes” әуендерін паш етті. Астаналықтар алдында өнер көрсеткен отандастарына Жапонияның Қазақстан Республикасындағы елшісі Джун Ямада гүл шоқтарын сыйлап, құрмет көрсетті.

Өзбекстанның Орталық әскери оркестрі “Tsuna a wakens”, “La camisa negra”, “Delilah”, “Summertime” композицияларымен тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Ресей Федерациясы Батыс әскери округінің 23-ші әскери оркестрі көпке белгілі “Ленинград маршы”, “Орыс композиторларының тақырыптарына арналған попурри”, “Утро”, “Песенка о морском дьяволе”, “Синяя вечность”, “Чертово колесо” және “Әлия” шығармаларын орындады.

Негізі ертеде қаланған ең көне әскери оркестрлердің бірі – Түркияның “Мехтеран” өнер ұжымы да фестивальге үлкен дайындықпен келген.

Кешті ҚР Ұлттық ұланының үлгілі-көрсетілімді оркестрі қорытындылады. Ұландықтар “Сәйгүлік”, “Жез киік”, “Елімнің жүрегі – Астана” туындыларын орындап, тыңдарман көңілінен шықты. Оркестрдің дирижері ҚР Ұлттық ұланы әскери оркестрі орталығының бастығы Асхат Мұхамедияров болды.

Айта кетейік, фестиваль 9 шілдеге дейін жалғасады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру