Қызылорда облысында есірткі өсірумен айналысқан 23 адам құрықталды
Қызылордада «Қарасора – 2023» іс-шарасы барысында есірткі өсірумен айналысқан 23 адам құрықталып, оның алтауы қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі уақытта республика көлемінде есірткі қылмысының жолын кесуге бағытталған «Қарасора – 2023» жедел-профилактикалық іс шарасы өтіп жатыр. 1 маусымда басталған шара 31 қазанға дейін жалғасады.
«Қарасора – 2023» іс-шарасының басты мақсаты – есірткіге байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу және оларға қарсы іс-қимыл жасау, сондай-ақ құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру және дайындау фактілерінің жолын кесу. Іс-шара басталғалы облыс көлемінде барлығы есірткі қылмысына қатысты 39 құқық бұзушылық анықталса, оның ішінде 20 дерегі – есірткі өсіру, 2 дерегі – есірткі өткізу, 3 дерегі – аса ірі мөлшерде сақтау және 14 дерегі – есірткіге байланысты қылмыстық теріс қылықтар.
Заңсыз айналымнан 1 тонна 615 келі 939 грамм есірткі заты алынса, оның 5 келіден астамы марихуана, 5 грамм гашиш және 1 тонна 610 келі каннабис өсімдігі алынды. Есірткі өсірумен айналысқан 23 адам құрықталып, оның алтауы қамаққа алынды. Қазалы, Сырдария, Шиелі аудандары аумағының далалық аймағынан ірі есірткі алқаптары анықталды.