Қарағанды облысында шетелдіктерді еңбек күшіне тартқан 14 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды
Қарағандылық полицейлер тұрғын үй кешені құрылыстарында заңсыз жұмыс жасап жатқан шетел азаматтарына тексеріс жұмыстарын жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды қаласында полиция қызметкерлерімен тұрғын үй кешені құрылыстарында тексеріс жұмыстары жүргізілді.
Тұрғын үй кешендерін аралау барысында полиция қызметкерлері құрылыс басшыларына заңсыз еңбекке адамдарды тартудың алдын алу, шетел азаматтарын заңсыз жұмысқа тартуды болдырмау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Тексеріс кезінде бірқатар құрылыс объектілерінен заңсыз жұмыс жасап жатқан шетел азаматтары анықталды. Тиісті құжатсыз жұмыс жасап жатқан шетелдіктерге Қазақстан Республикасы заңнамаларын бұзғандықтары үшін елден шығаруға дейінгі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Іс-шара барысында көші-қон заңнамаларын бұзғандықтары үшін әкімшілік жауапкершілікке 181 адам тартылса, оның 167 шетел азаматтары. Оның 24-не сот шешімімен елімізден шығару бойынша шешім шығарылды. 14 жұмыс берушіге жалпы құны бір млннан астам айыппұл салынды.
Қарағанды облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы жұмыс берушілерге шетелдіктерді жұмысқа тарту кезінде көші-қон заңнамаларын қатаң сақтауды ескертеді.
– Шетел азаматтарын заңсыз жұмысқа тартқаны үшін жұмыс беруші ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабына (Шетелдiк жұмыс күшiн және еңбекшi көшiп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тарту) сәйкес жауапкершілікке тартылып, 700 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатыны жайлы еске саламын. Сондай-ақ осындай әрекеттер үшін ҚР ҚК-нің 395-бабына (Қазақстан Республикасында шетелдік жұмыс күшін тарту және пайдалану қағидаларын бірнеше рет бұзу) сәйкес екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл немесе екі жүз сағат қоғамдық жұмысқа тарту, не болмаса 50 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынатынын ескертемін, – деп хабарлады облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Марина Тен