Ақтөбе облысында ауылдық учаскелік полицей кәсіпкерге жоғалған қойларын тауып берді
Ақтөбе облысында ауылдық учаскелік полицей кәсіпкерге жоғалған қойларын тауып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
6 тамызда Қарғалы ауданының ауылдық учаскелік полиция инспекторына шаруа қожалығының 43 жастағы басшысы 17 қойы жоғалғаны туралы шағымданған. Кәсіпкердің айтуынша, мал 4 тамызда жайылымнан оралмаған. Алдымен ол өз бетінше іздеуге кіріскен. Алайда көлікпен жақын маңды айналып өтіп, қойларын таба алмаған. Екі күннен кейін ғана аталған азамат полициядан көмек сұрады.
Жергілікті учаскелік полиция инспекторы дереу қойды іздеуге кірісті және бірнеше сағаттан кейін ол жерді жақсы бағдарлауының арқасында малды тауып, иесіне қайтара алды.
Осыған байланысты Ақтөбе облысының полиция департаменті азаматтардан иесіз мал жаюға жол бермеуді сұрайды. Естеріңізге сала кетейік, мал жаю ережелерін бұзғаны үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады және 3 АЕК-ге дейінгі мөлшерде айыппұл қарастырылады.