ІІМ-де чемпиондарға құрмет көрсетілді
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Қазақстан чемпиондары – шағын футболдан ІІМ құрамасының ойыншыларымен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.
– Біз халыққа қызмет етеміз. Сол себепті өз міндеттеріңізді де ұмытпай, жұмыстарыңызға адал болыңыздар. Сонда азаматтар тарапынан сіздерге деген сыйластық та, сенім де артады, – деді министрдің орынбасары.
Кездесуге «QAZAQSTAN QYZMET CUP» ұйымдастыру комитетінің бас директоры Әділет Мұқышев қатысты. Ол полиция қызметкерлерінің физикалық дайындығына жоғары баға беріп, спортты насихаттауда қосқан үлесі үшін ведомство басшылығына алғыс білдірді.
Шара барысында полиция генерал-лейтенанты Кубокқа чемпиондардың есімдері жазылған тақтайшаны жабыстырды.
– 2018 жылдан бастап Президент Әкімшілігінің, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттіктерінің, мәдениет және спорт министрлігінің келісімі бойынша «QAZAQSTAN QYZMET CUP» турнирі өткізіліп келеді. Бұл сайыста 2018 жылдан бастап 200-ге жуық команда, 3000-ға жуық қатысушы бақ сынады. Биыл біз төрт турнир өткіздік.
Полиция қызметкерлерінің физикалық дайындығы жоғары. Олар мұны біздің чемпионатта бірінші орын иелену арқылы дәлелдей алды, – деп атап өтті Әділет Мұқышев.
Айта кетейік, бапкер Бауыржан Күзкенов бастаған погонды футболшылар ел чемпионы атанып қана қоймай, турнирдің «үздік бомбардир» және «үздік ойыншы» номинацияларына ие болды.