Қарағанды полицейлері тонау қылмысының бетін ашты
Қарағандыда кездейсоқ танысынан телефонын тартып алып, мобильдік қосымша арқылы есеп-шотынан ақша шешіп алған күдіктілер ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты Орталық полиция бөліміне Бұқар-Жырау даңғылында тонау қылмысы болғандығы туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына бірден жедел-тергеу тобы жіберілді.
21 жастағы жәбірленуші тәртіп сақшыларына белгісіз бір азаматтармен танысқанын айтты. Кейін олар бұл таныстықты атап өтпекші болған. Жәбірленуші қалтасынан телефонын алып, банк қосымшасын аша бергенде, жігіттердің бірі оның көзіне баллоннан белгісіз зат шашып, екіншісі телефонды тартып алып, оқиға орнынан іздерін жасырған.
Полиция қызметкерлері жүргізген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында «ізін суытпай» осы іске қатысы бар деген күдікпен 18 бен 21 жас аралығындағы төрт адамды ұстады. Олар жасаған қылмыстары туралы мойындау көрсетпе белгілерін берді.
Белгілі болғандай, күдіктілер ұрланған телефондағы мобильдік қосымша арқылы 97 мың теңге ақша шешіп үлгерген.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 191-бабына (Тонау) сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері күдіктілердің әр қайсысының іс-әрекеттерін анықтау бойынша тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.