Елордада тауар тасымалдаған такси жүргізушісін алаяқ алдап кеткен
Елордада тауар тасымалдаған такси жүргізушісін алаяқ алдап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға такси жүргізушісі тауар тасымалдаймын деп алданып қалғанын айтып, арыз жазған. Жедел-іздестіру шарасын ұйымдастыру барысында Сарыарқа ауданы ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жәбірленушінің ақшасын алаяқтық жолмен иемденіп кеткен 30 жастағы ер адамды анықтады.
Анықталғандай, алаяқ ұялы телефоны бар пакетті мекенжайға жеткізу үшін мобильді қосымшаны пайдаланып такси шақырған. Әңгімелесу барысында ол жүргізушіден ақша алып, сәлемдемені сатып алушы оны жеткізу кезінде төлейтініне уәделескені белгілі болды. Сенім білдірген такси жүргізушісі келісіп, біраз уақыттан кейін көрсетілген мекенжайға жетіп, телефон нөмірін тергенде телефон өшірулі болған. Телефонды сатып алушы мүлде жоқ болып, жәшіктің ішіне қоқыс салынғаны анықталған.
Қазіргі таңда аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның елордада жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.