Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО тұрғыны жалдамалы пәтерде бірге тұратын зейнеткердің атына несие рәсімдеген

СҚО тұрғыны жалдамалы пәтерде бірге тұратын зейнеткердің атына несие рәсімдеген, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Интернет-алаяқтардың әккі әрекеттеріне көбінесе зейнеткерлер алданып жатады. Полицейлер СҚО тұрғындарынан бұл туралы жақындары мен зейнет жасындағы таныстарына айтуды сұрайды. Етене араласатын адамдардың өздері алаяқ болып шығуы мүмкін.

Қаңтар айында 69 жастағы петропавлдық полицияға жүгінген. Қолына зейнетақысының жартысын ғана алған қария есепшотындағы ақшасы екі несиенің жабылуына жұмсалғанын байқаған. Жедел уәкілдер күдіктіні тез арада анықтады. Ол облыс аудандарының бірінің 26 жастағы тұрғыны болып шықты. Жігіт зейнеткермен бірге пәтер жалдап тұрған. Қарт адамның сеніміне кіріп, телефонындағы банктік қосымшасын пайдаланған. 2022 жылдың желтоқсан айында жалпы сомасы 300 мың теңге болатын екі несие ресімдеген.

Ұсталғанның айтуынша, шұғыл түрде ақша қажет болған. Жақын арада қайтарып беруді жоспарлаған. Бірақ ойлағаны іске аспады. Екі несиеден түскен ақшаны толығымен букмекерлік кеңседе бәс тігуге жұмсаған. Сот отырысы болғанға дейін жас жігіт қажетті соманы тауып алып, келтірген шығынды өтеді. Сәуір айында сот оның бас бостандығын 3 жыл 6 айға шектеді.

– Әлдебіреулер банктік қосымшаңызға еш кедергісіз қол жеткізбес үшін ешқашан ешкімге жеке деректеріңізді бермеңіздер. Естеріңізде болсын, банктік карталарыңыздың нөмірлерін және артқы жағындағы CVV-кодтарды, sms арқылы келетін бір реттік кодтарды құпия сақтаған жөн, оларды бөгде адамдар білмеуі тиіс. Сондай-ақ жеке куәліктің фотосуретін де ешкімге жібермеу керек. Өйткені алаяқтар оны несие ресімдеуде не болмаса басқа адамдарды алдағанда пайдалануы мүмкін, – дейді СҚО ПД тергеу басқармасының бастығы Қайрат Қасымбеков.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру