Астаналық тұрғын ақша айырбастаймын деп сатушылардан қолма-қол қаражат алып, «ізін суытқан»
Астаналық тұрғын ақша айырбастаймын деп сатушылардан қолма-қол қаражат алып, «ізін суытқан», – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға Бөгенбай батыр даңғылы бойындағы супермаркеттің өкілі жүгініп, белгісіз ер адамның қолма-қол ақшасын заңсыз иемденгені туралы арызданған.
Тергеу барысында 27 жастағы ер адамның супермаркетке кіріп, өзін тоңазытқыштарды жөндейтін қызметкер ретінде таныстырғаны анықталды. Сауда залында жүріп, ол техника жабдықтарының жұмысын тексеріп жатқандай кейіп танытқан. Супермаркет қызметкерлерінің сеніміне кіріп, ол ұсақ ақшаны ірі ақшаға айырбастауды ұсынған. Күдіктінің сөзіне сеніп қалған әйелдер оған 150 мың теңге көлемінде ақша беріп, ұсақ ақшаны әкеліп береді деп ойлаған. Ер адам қолма-қол ақшаны алып, кетіп қалған.
Осыған ұқсас тәсілмен ол Жеңіс даңғылындағы асханадан 200 мың теңге сомасында ақшаны иемденген. Оның тағы бір эпизодқа қатысы бары анықталды. Абай даңғылындағы дүкеннен ол 50 мың теңгені иемденген.
Барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ер адам мойындау көрсетпелерін берді, Астана қаласы ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.