Елордада велосипед ұрлаған күдіктілер УҰИ-ға қамауға алынды
Елордада велосипед ұрлаған күдіктілер УҰИ-ға қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Нұра ауданы полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 29 жастағы Жамбыл облысының және 24 жастағы Батыс Қазақстан облысының тумаларын ұрлық қылмысына күдікті деп құрықтады.
Тергеу барысында күдіктілер қыркүйек айында Қабанбай батыр даңғылының бойында орналасқан үйлердің автотұрағында екі велосипедті жасырын ұрлағаны белгілі болды. Олар жәбірленушілерге шамамен 300 мың теңге шығын келтірген.
Күдіктілер қазіргі уақытта УҰИ-ға қамалып, оларға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Ер азаматтар кінәсін мойындап, заттай айғақтар тәркіленді. Күдіктілердің қала аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.