СҚО полициясының бастығы өңірдегі криминогендік жағдай туралы айтып берді
Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінде жыл басынан бергі ведомствоның жедел-қызметтік жұмысының қорытындысына арналған брифинг өтті. Облыстық полиция басшысы Айдын Қабдұлдинов өңірдегі криминогендік ахуал туралы хабардар етіп, жұмыстың басым бағыттарын белгіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
8 айдың қорытындысы бойынша қылмыстың жалпы санының 19,9%-ға төмендеуіне қол жеткізілді. Облыс бойынша 2484 қылмыс тіркелді. Өткен жылдың осы кезеңінде 3101 қылмыс тіркелді. Полиция департаментінің бастығы ең өзекті мәселелерге тоқталды: жол-көлік оқиғаларын, оның ішінде электрлі самокаттардың қатысуымен болатын жол апаттарын ескерту, білім ошақтарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, есірткі қылмысына, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және тағы басқа маңызды мәселелер.
Журналистерді ақпан айында облыс орталығындағы мектептердің бірінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған адам өлтіруге оқталу фактісін тергеу барысы; педофилия фактілері бойынша статистика; тоқсаныншы және екі мыңыншы жылдары резонанстық қылмыс жасағаны үшін ұзақ мерзімді жазаға тартылған адамдарды бақылау сияқты сұрақтар қызықтырды. Айдын Қабдұлдинов барлық сұрақтарға жауап берді.
Есірткі бизнесімен күрес, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, жедел-қызметтік жұмысты цифрландыру – бұл заманауи полиция жұмысының негізгі бағыттары. Полицейлер жұмыстың сервистік моделін дамытуды жалғастыруда, құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын сақтау бойынша шаралар қабылдануда. Тұрмыстық зорлық-зомбылықты ескертумен қатар кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау басым міндеттердің бірі саналады.
Солтүстікқазақстандық полиция басшылығының қатысуымен БАҚ өкілдерінің алдында брифингтерді тұрақты түрде өткізу жоспарлануда.