Петропавлдық мектептерде терроризмге қарсы дайындық пысықталды
Балалар мен мұғалімдерді эвакуациялауға 3 минут – петропавлдық мектептерде терроризмге қарсы дайындық пысықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мектептегі күмәнді зат, дабыл батырмасын басу, балалар мен мұғалімдерді эвакуациялау – осындай сценарий бойынша солтүстікқазақстандық полицейлер басқа мүдделі қызметтердің өкілдерімен бірлесіп білім ошақтарында оқу-жаттығулар өткізіп жатыр.
Петропавлдағы № 32 мектепте күзетші аяқ киім қорабын байқап қалды. Жарылғыш құрылғының болуы мүмкін екендігі туралы хабарлама директорға хабарланады. Мектеп қызметкерлері дереу эвакуациялауды ұйымдастырды. 3 минуттан кейін барлық бала қауіпсіз қашықтыққа шығарылды. Күзет құрылымының қызметкерлері арнайы қызметтер келгенге дейін ғимарат ішіне ешкімнің кірмеуін қадағалады.
– Мектеп басшылығы мен қызметкерлерінің әрекеті жақсы деп бағаланды. Сондай-ақ ұстаздар қауымының балалар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуі ерекше атап көрсетілді. Өйткені осындай сипаттағы оқиғалар орын алған жағдайда балалардың өз-өзін ұстай білуі, бекітілген тәртіптерді сақтап, ұйымдасып, еш кедергісіз шығуы өте маңызды. Мектеп дәлізінде террористік қауіп туындаған жағдайдағы әрекеттер алгоритмі туралы көрнекі ақпарат та ілінген. Мұндай іс-шаралар басқа мектептерде де өткізілуде. Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері ақпараттық жұмыстар шеңберінде терроризм актісі туралы жалған хабар беру үшін көзделген қылмыстық жауапкершілікті де түсіндіреді, – дейді СҚО ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының басшылығы.
Адамдар ұстануы тиіс қарапайым ережелер мынадай: егер күдік туғызатын заттар анықталса, дереу ішкі істер органдарына хабарлау қажет, мұндай заттарға қол тигізбеген, жылжытпаған жөн. Сабырлық сақтап, дағдарыс жағдайындағы қауіпсіз мінез-құлық нұсқауларын орындау керек.