Ақтөбеде техника дүкенінен электрлік құрал-саймандар ұрлаған жігіт құрықталды
Ақтөбеде техника дүкенінен электрлік құрал-саймандар ұрлаған жігіт құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұрлық дерегі 8 қазанда күндізгі уақытта болған. Белгісіз тұлға Ақтөбе қаласындағы техника дүкендерінің бірінен шеге бұрағыш құрал мен металл кескіш жабдық жиынтығын ұрлаған.
Полиция қызметкерлері дүкендегі бейнекамераның жазбаларын зерделеп, ұрлық болған сәтті анықтады.
Белгісіз жігіт сатып алушы ретінде тауарларды қолына алып, қарағандай кейіп танытып, байқатпай күртесіне салып алған. Жүргізілген жедел іс-шаралар нәтижесінде полицейлер «ізін суытпай» күдіктінің жеке басын анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Ұсталған күдікті бұрын осындай қылмысы үшін сотталған 35 жастағы ақтөбелік азамат болып шықты.
Бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 1-бөлігімен (Ұрлық) қылмыстық іс қозғалды. Күдікті кінәсін мойындап, құрал-жабдықтарды сатып, пайда табу мақсатында ұрлағанын айтты. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.