Ұландық жауынгер Дүниежүзілік ойындарда күміс медаль жеңіп алды
Сауд Арабиясының астанасында өткен Дүниежүзілік жекпе-жек ойындарында қазақстандық самбошы екінші орынды иеленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аралас командалық есепте Ұлттық ұланның 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Еламан Қойшыбаев күміс жүлдегер атанды. Ол Азия мен Тынық мұхитының екінші құрамасы сапында сынға түсті.
– Командада бізбен бірге Өзбекстан, Қырғызстан және Моңғолиядан келген самбошылар болды. Финалға дейін біз екі команданы жеңдік. Кеше мен жартылай финалда сүрінген Беларусь спортшысымен кездестім. Екі күн бойы күресуге күшім жетті, – деді финалдан кейін әсерімен бөліскен Еламан Қойшыбаев.
Айта кетейік, қазақстандық спортшылар осы ойындарға лицензияны биыл маусым айында Астанада өткен Азия-Тынық мұхиты өңірінің чемпионатында жеңіп алған. Осылайша Эр-Риядта әр континенттен келген үздік самбошылар бақ сынасты.
Еске салайық, V Дүниежүзілік жекпе-жек ойындарында Қазақстан құрамасынан жеті балуан өнер көрсетті. Олар жеке жарыстарда бір алтын, бір күміс және үш қола медаль жеңіп алды. Ал аралас командалық есепте біздің команда екі күміс медальға ие болды – екіншісі Асылжан Орынбасарованың қанжығасында.