Ақтөбеде автокөліктерден бөтеннің мүлкін ұрлаумен айналысқан ұры-рецидивист құрықталды
Ақтөбеде автокөліктерден бөтеннің мүлкін ұрлаумен айналысқан ұры-рецидивист құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қалалық полиция бөліміне бірнеше тұрғын автокөліктерінен мүліктері ұрланғаны туралы арызданды. Ұры қала көшелеріне тұраққа қойылған автокөліктерге кіріп, ішінде қалдырылған заттарды жасырын алып кетумен айналысқан. Әмияндар, құжаттар, құрал-саймандар қобдишасы, тіпті көлікте қалдырылған киім-кешек те күдікті қолына өтіп отырған.
Бірінде ұры көліктердің терезесін сындырса, бірде есіктерін ашып алу арқылы кіріп отырған. Осылайша, ол екі күннің ішінде 5 автокөліктен ұрлық жасап үлгерген.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында күдіктіні анықтап, ұстады. Ол бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталып, жуырда ғана жазасын өтеп шыққан 35 жастағы қала тұрғыны болып шықты.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Заттай айғақтар алынды. Күдікті кінәсін мойындады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.