Республика күніне орай көлік полициясының 170-ке жуық қызметкері марапатталды
Көліктегі полиция департаментінде Республика күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған департамент басшылығы, жеке құрам мен ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Республика күні – бұл баршамыз үшін басты мереке. Oл мемлекет тәуелсіздігінің белгісі болып саналады. Бүгінде еліміздің бірлігі мен қоғамдық келісімді одан әрі нығайту үшін қызмет ету – бұл әр азаматтың парызы. Біздің міндетіміз – мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті нығайта отырып, азаматтардың құқықтарын қорғау, – деді департамент бастығы Бақытжан Малыбаев.
Сондай-ақ көлік полициясының басшысы мерекелік жиынға арнайы шақырылған ішкі істер органдарының ардагерлеріне шынайы алғысын жеткізді.
Бақытжан Малыбаев жиналғандарды мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтап, оларға денсаулық, отбасыларына амандық және Отанымыздың гүлденуі жолындағы қызметтеріне табыс тіледі.
Мерекелік іс-шара барысында қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін көлік полициясының 170-ке жуық қызметкері ҚР ІІМ және Көліктегі ПД бұйрығымен марапатталды.
Одан бөлек департаменттің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Ренат Мұқаш Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Полиция майоры 2015 жылдан бастап ІІО-да қызмет етеді. Қызмет барысында көптеген резонанстық қылмыстарды ашқан.
Ал «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен Қандығаш станциясындағы желілік полиция бөлімі патрульдік полиция тобының полицейі полиция старшинасы Нұркен Есенжол марапатталды.