Елордалық полицейлер ұрлыққа қатысы бар азаматтарды анықтады
Елордалық полицейлер ұрлық қа қатысы бар азаматтарды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Байқоңыр ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен 18 бен 23 жастағы елордалық азаматтарды анықтады.
Тергеу барысында жігіттер түнгі сағат 00:30 шамасында Байқоңыр ауданындағы құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан мейрамханалардың біріне келгені белгілі болды. Күдіктілер қылмыстық оймен жан-жағына мұқият қарап, маңайында ешкім жоқ екеніне көз жеткізген соң құлыпты бұзу арқылы құрылыс материалдары сақталған үй-жайдың есігін ашып, ішке кірген. Ол жерден 50 метр электр кабелін алып кеткен. Ұрланған кабельді металл қабылдайтын пунктіге өткізген.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ер адамдардың елорда аумағында жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Ұрлықтың тағы бір фактісі бойынша қала тұрғыны полицияға пәтерінен алтын бұйымдарының ұрланғаны туралы арызданған.
Күдік жәбірленушінің отбасында жұмыс істеген үй қызметкеріне түскен. 29 жастағы бойжеткен елорданың сол жағалауында тұратын отбасында жұмыс істегені белгілі болған.
Анықталғандай күдікті бойжеткен бір ай бойы қожайындары жоқта пәтерді мұқият қарап шыққан. Сөйтіп бір күні үй иелерінің жоқтығын пайдаланып, шкафтан алтын сақинаны жымқырып кетеді. Үй иесі шығынды бірден байқамаған. Кейін әйел құны бір миллион теңге тұратын алтын сырғалары, сақиналары, білезіктерінің жоғалғанын анықтағанда ғана дабыл қаққан.
Мәселенің мән-жайын анықтауға жұмылған Нұра аудандық полиция басқармасының жедел қызметкерлері ұрлыққа қатысты деген адамның кім екенін анықтаған.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бойжеткен кінәсін мойындап, оның бұрын елордада осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.