БҚО полицейлері жүргізуші куәлігінсіз мас күйде көлік басқарған тұрғындарды ұстады
БҚО полицейлері жүргізуші куәлігінсіз мас күйде көлік басқарған тұрғындарды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлері жол-көлік апаттарының алдын алу мен жолда жүру ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында тұрақты түрде рейдтік іс-шараларды өткізіп тұрады. Батыс Қазақстан облысының полицейлері осындай кезекті рейдтік іс-шаралар барысында қала көшелерін патрульдеу кезінде Променад сауда үйінің жанында күдік туғызған Hyundai Accent автокөлігін тоқтатты.
Автокөлік иесінің құжаттарын тексере келе, оның Орал қаласының 29 жастағы тұрғыны екені, жүргізушінің мас халде және құжатсыз екені анықталды. Белгілі болғандай, жүргізуші 2021 жылдың қыркүйегінде өмір бойына көлік басқару құқығынан айырылған. Ол сол кездегі әрекетінен сабақ алмай, есірткіге мас күйде көлік басқарған.
Аталған дерек сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігі бойынша тіркелді.
Сондай-ақ 26 қазан сағат кешкі 21:40 кезінде 58 жастағы жүргізуші Hyundai Accent автокөлігін басқара отырып, Орал қаласындағы Құрманғазы көшесінің бойында жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, бағдаршамның тыйым салатын сигналына өтіп, 13 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жәбірленуші ауруханаға жеткізілді. Тексеру жұмыстарын жүргізу барысында бұл дерек те сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес жүргізуші «орта дәрежедегі» мас күйде болғаны расталды.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.