Астаналық азамат аялдамадағы мас тұрғынның мүлкін жымқырып кеткен
Астаналық азамат аялдамадағы мас тұрғынның мүлкін жымқырып кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түнгі сағат 03:00 шамасында қоғамдық аялдамадағы орындықта отырған 53 жастағы әйелдің масаң күйде болғанын байқаған күдікті оған жақындап келіп, оның дәрменсіздігін пайдаланып, құны 200 мың теңге тұратын Redmi телефоны мен 300 мың теңге көлеміндегі қолма-қол ақшасын жымқырып кеткен.
Ойындағысын орындап, оңай жерден олжалы болған азамат оқиға орнынан ізін суытқан. Құнды затымен қомақты ақшасы жоғалғанын білген жәбірленуші жолаушылардан телефон сұрап, бірден полицияға хабарласқан.
Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде Сарыарқа аудандық полиция басқармасының қызметкерлері «ізін суытпай» 28 жастағы қала тұрғынын анықтаған.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Ер адам кінәсін мойындап, айғақ заттар тәркіленді. Оның елордада жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.