Түркістан облысында Ұлттық ұлан алғаш рет полициямен бірге қызметке кірісті
Түркістан облысында Ұлттық ұлан алғаш рет полициямен бірге қызметке кірісті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы полиция департаментінің алаңында полицейлер мен Ұлттық ұланның №6506 әскери бөлімінің арнайы 3-жедел мақсаттағы батальонының жеке құрамына арналған гарнизондық саптық байқау ұйымдастырылды.
Оған полиция мен әскеридің жеке құрамынан бөлек, полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Бағланбек Айтпаев, Түркістан қаласы полициясының басшылығы, ҚР Ұлттық ұланы “Оңтүстік” өңірлік қолбасшысының орынбасары Константин Қуатовтар қатысты.
Шарада салтанатты түрде мемлекеттік Ту ортаға әкелініп, Қазақстан Республикасының Әнұраны шырқалды. Түркістан облысы полициясының 300-ден астам және Ұлттық Ұланның 120 сарбазы сап түзеді.
Гарнизондық саптық байқауды Түркістан облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Асылхан Төреханов өткізді.
Мақсаты – қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігінің алдын алу бойынша тапсырмаларды орындауда жеке құрамның даярлығын тексеру.
Бұдан әрі қарай сарбаздар мен сақшыларға нұсқама беріліп, нысанды киімдері мен куәліктері тексерілді.
Б.Айтпаев жиналғандарға тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тәулік бойы белгіленген ауысыммен сапалы қызмет атқаруды тапсырып, сәттілік тіледі.
Айта кету керек, ҚР ішкі істер министрі Ержан Саденовтің тапсырмасымен ай сайын Түркістан облысы полиция департаментінің арнайы алаңында М.Қабденовтің жетекшілігімен саптық байқау өткізіліп тұрады.
Ал бұл жолғы саптық байқау облыс орталығына жаңадан қоныстанған Ұлттық ұланның сарбаздарына қауіпті учаскелерді көрсетіп, қызмет етулеріне бағыттау.
Демек полициямен бірге сарбаздар қызметке түсуге әбден машықтанған соң, әрі қарай өз күштерімен облыс орталығы тұрғындарының тыныштығын күзетіп, олардың қауіпсіздігін қорғайтын болады.