Шымкентте ойын-сауық мекемелерінің жұмыс уақытын шектеу ұсынылды
Шымкенттің бас полицейі ойын-сауық мекемелерінің жұмыс уақытын шектеуді ұсынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мегаполис әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысы өтті. Күн тәртібінде құқық бұзушылықтың алдын алу, қала аумағында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыспен күрес шаралары сияқты өзекті мәселелер талқыланды.
Полиция департаментінің басшылық құрамы келеңсіздіктер жиі болатын орындар мен уақыттарды, жасалу себептерін талдап, нақты ұсыныстар айтты.
– Құқық бұзушылықтар көбінесе жұма, сенбі, жексенбі күндері кешкі мезгілде тамақтану, ойын-сауық орындарында тіркеледі. Рейд жұмыстары барысында тәулік бойы жұмыс істейтін 164 ойын-сауық орны анықталды. Осыған байланысты жергілікті деңгейде ойын-сауық мекемелерінің жұмыс уақытын айқындау қажет, – деп ұсыныс білдірді Думан Таев.
Өз кезегінде қала әкімі, құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында тамақтану орындары мен ойын-сауық орталықтарының жұмыс уақытын шектеуді алдағы уақытта заң шеңберінде қарастыратынын, бұл ретте Астана қаласының тәжірибесін енгізуді тиімді деп ойлайтынын жеткізді.
– Қатаң тәртіп болған жағдайда ғана заңсыздықтарды жоямыз. Азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтуда жол ережелерін ескермейтін көлік жүргізушілерімен де жұмысты күшейту қажет. Қылмысқа жол беретін барлық жағдайларға тосқауыл қойып, тиісті шараларды күшейтуде бірлесе жұмыс істеуге шақырамын, – деді Ғабит Әбдімажитұлы.