Атыраулық полицейлер әлеуметтік желіде алаяқтық дерегі анықталған парақшаларды жариялады
Атыраулық полицейлер әлеуметтік желіде алаяқтық дерегі анықталған парақшаларды жариялады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
20-22 қараша аралығында облыс аумағында ақпараттандыру және байланыс саласындағы, сондай-ақ ақпараттық, технологияларды пайдалана отырып жасалатын құқық бұзушылықтарға, оның ішінде интернет-алаяқтыққа қарсы күрес тиімділігін арттыруға бағытталаған «Hi-Tech» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.
Аталған іс-шара ақпараттық технологиялар саласындағы құқық бұзушылықтардың анықтауға, зиянды бағдарламаларды, арнайы техникалық құралдарды, порнографиялық өнімдерді, оның ішінде балалардың, сондай-ақ интернет желісінде өзге де құқық бұзушылықтарды дайындайтын және тарататын адамдарды анықтауға, жолын кесуге және қылмыстарға қарсы күрестің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Атырау облысы ПД киберпол арнайы тобы іс-шара аясында әлеуметтік желілерде күдікке ілінген алаяқтық парақшаларын анықтап, назарға ұсынады. Анықталған интернет-алаяқтық парақшаларының басым бөлігі Instagram әлеуметтік желісі арқылы телефон және үй жиһаздарын арзан бағада жарнамалайды. Арзан бағадағы тауарға қызыққан қарапайым халық әлеуметтік желі арқылы бөліп төлеу немесе банк картасына аударым жасау арқылы төлем жасап, тапсырыс береді.
Кейіннен парақша иесі тапсырыс берушіні әлеуметтік желіден бұғаттап, тапсырыс беруші мен сатушы арасында байланыс үзіледі. Осылайша арзан бағаға алданғандар әлеуметтік желі арқылы тапсырыс беріп, интернет-алаяқтықтың құрбаны болады.
Әлеуметтік желідегі алаяқтық парақшалар тізімі: “euro_iphone.kz”; “Apple trade”; “Applezone.kz”; “okko_mebel”; “xantore_mebel”; “yellow. apple. kz”; “mir_tehniki”; “onlyapplekz”; “applegoods.kz”; “apple_sale.kz”.
Осы ретте, полицейлер интернет арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттердің құрбаны болмауға ескертеді. Алаяқтардың басты қаруы интернет, интернет-алаяқтардан сақ болыңыздар!