Ақтөбелік тұрғын сауда платформасында сатушы мен сатып алушыны қатар алдаған
Ақтөбелік полицейлер сауда платформасында сатушы мен сатып алушыны қатар алдаған телефон алаяғының әрекетін көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алаяқ екі тарапты да еліктіретін бағамен арбаған. Бірін тауарын қымбат бағаға алатынына, екіншісін тауарды арзан бағаға беретініне сендірген.
Ақтөбелік өз автокөлігін сатпақ болып, жарнама сайтына хабарландыру салған. Оған өзін Артур деп таныстырған адам хабарласқан. Хабарласушы автокөлік алып-сатумен айналысатынын, сатып алушыларының бірі көлікті ұнатқанын айтып, сатушымен көлік құнын келіскен және ақтөбеліктен автокөліктің барлық суреттерін өзіне жіберуді және жарнама сайтындағы көлік сату хабарламасын дереу жоюды талап еткен. Мұны ол өзінің сатып алушысы көріп қалмау қажеттігі, себебі көлік делдалы ретінде өзі үстінен ақша көретінімен түсіндірген. Көлік иесі оның барлық шарттарын орындаған.
Әрі қарай күдікті жарнама сайтына сол автокөлікті өз атынан орналастырып, 2 еседей төмен бағамен қойған. Хабарлама бойынша күдіктіге ақтөбелік жас жігіт хабарласқан. Артур оған көлік ағасының ауласында тұрғанын айтқан. Осыдан кейін дереу көлік иесіне хабарласып, сатып алушыны жіберетінін, бірақ оған көліктің иесі екенін айтпауды, көлікке қатысты ешбір сұрақтарына жауап бермеуді, керісінше көлік иесі Артур және мен оның туысымын деп айту ғана қажеттігін түсіндірген. Сатып алушыға көлік ұнаса, ақшасын төлегеннен кейін, өз үлесін алып, әрі қарай келісілген соманы бірден көлік иесінің шотына аударып жіберетініне сендірген.
Осылайша, көлікті сатушы да, сатып алушы да алаяққа алданып отырғанын сезбеген. Жігіт көлікті ұнатқаннан кейін сатушы одан ақшаны алаяқ көрсеткен шотқа аударуды сұраған. Ақшаны алғаннан кейін қаскүнем екі ақтөбелікті де бұғаттаған. Көлік иесі моральдық шығынмен шектелсе, көлікті сатып алмақ болған жігіт қомақты қаржысынан айырылды.
Алаяқтық дерегі бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабымен (Алаяқтық) қозғалған қылмыстық іс шеңберінде тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.