Елордалық полицейлер тұрғынның көлігінен қымбат телефонын ұрлаған күдіктіні ұстады
Елордалық полицейлер тұрғынның көлігінен қымбат телефонын ұрлаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы ауданының ПБ қызметкерлері жедел- іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде автокөліктен жасалған ұрлыққа қатысы бар 17 жастағы қала тұрғынын анықтады.
Тергеу барысында, жас жігіт оң жақ жағалауда орналасқан көлік жуу орталығында жұмыс істейтіні белгілі болды. Жәбірленуші Toyota Land Cruiser 200 автокөлігін жуу үшін аталған орталыққа келген. Клиенттің күту бөлмесінде болғанын пайдаланып, күдікті автокөліктен ІPhone 14 Pro Max телефонын жасырын алып кеткен. Келтірілген материалдық шығын 780 мың теңгеге бағаланып жатыр.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жас жігіттің елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.