Павлодар облысында учаскелік полицей тасжолда қалып қалған жүк көлігінің жанында кезекшілік атқарды
Павлодар облысында учаскелік полицей тасжолда қалып қалған жүк көлігінің жанында кезекшілік атқарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысында жақында аймақта қолайсыз метеорологиялық жағдайлар байқалды. Жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жолдардағы полиция қызметкерлері тәулік бойы қызмет атқарады және кез келген минутта көмек көрсетуге дайын.
Павлодар облысы Успен ауданының учаскелік инспекторы Олжас Есжановтың телефонына ауыл тұрғыны қоңырау шалып, Павлодар – Ресей Федерациясы автожолындағы Ковалев ауылының шетінде МАН жүк көлігі бұзылғанын хабарлады.
Полиция қызметкері оқиға туралы дереу полиция бөліміне хабарлап, ауыл әкімімен бірге оқиға орнына барды.
– Келгеннен кейін мен көлікті көрдім. Жүргізуші Исмаилов Дилшод Өзбекстан Республикасынан көрші мемлекетке бет алған екен. Қатты аяздың салдарынан дизель отыны қатып қалған. Жүргізушіні ауылдық округ әкімі Ковалев ауылының жылыту пунктіне апарды, ал мен басқа көлік құралдары жүк көлігіне кездейсоқ соғылмауы үшін және жүк ұрлығының жолын кесу мақсатында автокөліктің жанындағы жолда кезекшілікте қалдым. Таңертең көмек келіп, көлікті жылытып, жүргізуші өз жолын жалғастырды, – деді Олжас Есжанов.
Өз кезегінде жүргізуші учаскелік инспекторға көрсеткен көмегі үшін шын жүректен алғысын білдіріп, қиын қызметте табыс тіледі.
Айта кетейік, Олжас Есжанов ішкі істер органдарында 16 жылдан астам қызмет етіп келеді, соңғы төрт жылда учаскелік полиция қызметкері Қозыкеткен ауылдық округінің екі ауылына қызмет көрсетеді.