СҚО-да учаскелік инспекторлар балаларға көмектесті
СҚО-да учаскелік инспекторлар балаларға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тимирязев ауданында жергілікті тұрғын Хмельницкий ауылдық округінің учаскелік инспекторына алғысын білдірді. Әйелдің алты жасар ұлының жағдайы нашарлап, тыныс алуы қиындай бастаған. Жергілікті фельдшер дереу алғашқы көмек көрсетті. Бұдан кейін баланы аудандық ауруханаға жеткізу мәселесі туындады. Отбасының жеке көлігі жоқ. Жақындары мен көршілерінің автокөліктері қатты аязға байланысты оталмаған. Амалы таусылған ауыл тұрғыны учаскелік полиция инспекторы Әділхан Мұстафинге қоңырау шалды. Ол дәл сол кезде әкімшілік учаскесіндегі ауылдарды аралап жүрген. Оның LADA 21214 көлігі елді мекендегі жүріп тұрған жалғыз көлік болған. Әділхан дереу мекенжайға келіп, бала мен анасын 40 шақырымдағы аудан орталығы Тимирязево ауылына жеткізді. Баланың анасы қызметкердің жауаптылығы мен жеделдігі үшін зор ризашылығын білдірді.
Осыған ұқсас оқиға М.Жұмабаев ауданының тұрғыны СҚО ПД бастығы Айдын Қабдұлдиновтың атына жолдаған алғысқа толы хатта баяндалған. Оның бір жасар баласы кездейсоқ марганцовканы көп мөлшерде ішіп қойған. Бұл аллергиялық реакцияға әкеліп, бала тұншыға бастаған. Үлкен қызы көмек сұрау үшін көршінің үйіне жүгірген. Қуанышқа орай, сол маңнан учаскелік полиция инспекторы Дулат Жүкенов өтіп бара жатқан. Көрші әйел полицейді тоқтатады. Жағдайды түсінген инспектор тез арада мектептегі медицина қызметкері Оксана Козлованы алып келді. Олар шұғыл түрде баланы Булаево қаласындағы орталық ауруханаға жеткізді. Жолда ауруханаға бара жатқанда дәрігерлерге болған оқиға туралы хабарлайды. Ауылдықтар келгенде дайын тұрған ақ халаттылар оларды күтіп алды.
Екі жағдайда да сауатты әрекет еткен учаскелік полиция инспекторлары адамдарға көмекке келу – полиция қызметкерінің міндеті дейді. Балалардың қауіпсіздігі – полицияның негізгі басымдықтарының бірі.
Бүгін екі учаскелік полиция инспекторы да мереке күні қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде. Дулат Жүкенов – Тәуелсіздік құрдасы. Тәртіп сақшылары Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары мен қонақтарын мемлекеттік мерекемен құттықтап, бейбітшілік пен амандық тілейді.