Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда полиция велосипедшілерді жол ережелерін сақтауға шақырды

Павлодар облысында велосипедшілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері тұрғындарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Мамандардың айтуынша, күннің жылынуына байланысты көшелер мен жолдарда велосипедпен қатынайтындар саны айтарлықтай артады. Осыған орай қауіпсіздік талаптарын сақтау аса маңызды.

- Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері — қозғалысқа қатысушылардың мұқият болмауы, жолды белгіленбеген жерден кесіп өту, түнгі уақытта жарық қайтаратын элементтерсіз қозғалу, сондай-ақ маневр жасау қағидаларын бұзу, — деді Павлодар қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны ротасының командирі Рахим Ибраев.

Полиция велосипедшілерге келесі қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынады:

  • велосипед жолақтарымен, ал олар болмаған жағдайда жолдың оң жақ шетімен жүру;
  • жаяу жүргіншілер өткелінен велосипедті жетектеп өту;
  • қараңғы уақытта жарық қайтаратын элементтер мен жарамды жарық құралдарын пайдалану;
  • қозғалыс кезінде қауіпсіз жылдамдық пен арақашықтықты сақтау;
  • қорғаныс шлемі мен жеке қорғаныс құралдарын қолдану.

Сонымен қатар ата-аналарға балалармен жолдағы қауіпсіздік ережелері туралы профилактикалық әңгімелер өткізу және оларды ересектердің қарауынсыз көлік қозғалысы қарқынды аумақтарда велосипед тебуге жібермеу ұсынылады.

Полиция өкілдері жолдағы қауіпсіздік әрбір қозғалыс қатысушысының тәртібі мен жауапкершілігіне байланысты екенін еске салады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру