Қауіпсіздік күзетінде: патрульдік полиция қызметкерінің адал еңбегі
Қоғамдық қауіпсіздік пен азаматтардың тыныштығын қамтамасыз ету — жоғары жауапкершілікті талап ететін маңызды міндет. Осы жолда абыройлы қызмет етіп жүрген тәртіп сақшыларының бірі — Атырау облысы полиция департаменті жанындағы патрульдік полиция ротасының қызмет инспекторы Бекзат Әділгереев туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Ішкі істер органдарында 2022 жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан полиция қызметкері бүгінде Атырау – Ақтөбе бағытындағы республикалық маңызы бар тасжолда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында еңбек етуде. Ол заманауи дрондардың көмегімен әуеден бақылау жүргізіп, жол қозғалысы ережелерінің сақталуын қадағалайды әрі жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмыстарымен айналысады.
Патрульдік полиция қызметі құқық бұзушылықтардың жолын кесумен ғана шектелмейді. Қызмет барысында жол бойында көлігі бұзылып қалған азаматтарға көмек көрсету, қиын жағдайға тап болған жолаушыларға қолдау білдіру, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау — күнделікті міндеттің ажырамас бөлігі.
Бұл сала қырағылықты, төзімділікті және жоғары кәсіби жауапкершілікті талап етеді. Кей жағдайда қызметкерлер жұмыс уақытымен санаспай, төтенше жағдайлар орын алған аумақтарда міндет атқарады. Әсіресе жол-көлік оқиғалары тіркелген сәттерде тәртіп сақшыларына жүктелетін жауапкершілік арта түседі.

Соған қарамастан Бекзат Әділгереев өз қызметін адал атқарып, заңдылық пен тәртіп қағидаларын басты ұстаным ретінде берік ұстанып келеді. Оның айтуынша, халық сеніміне лайық болу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету — әрбір полиция қызметкерінің басты міндеті.
Қоғам тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларының еңбегі әрдайым құрметке лайық.
