Жетісу облысында жыл басынан бері 100 келіден астам есірткі тәркіленді
Жетісу облысы полиция департаментінде биылғы жылдың алғашқы төрт айындағы есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жұмыстарының қорытындысы бойынша брифинг өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері өңірде есірткіге қатысты 72 құқық бұзушылық анықталды. Оның 33-і қылмыстық құқық бұзушылық санатына жатады. Атап айтқанда, есірткі заттарын өткізу, аса ірі мөлшерде сақтау, есірткі құралдарын насихаттау, сондай-ақ вейптер мен темекі тұтынудың түтінсіз өнімдерінің заңсыз айналымына қатысты фактілер тіркелген.
Заңсыз айналымнан жалпы салмағы 101 келіден асатын есірткі тәркіленді. Оның ішінде 93 келіден астам марихуана, 5 келіден астам гашиш және 1 келіден астам синтетикалық заттар бар. Сонымен қатар құрамында есірткісі бар 275-тен астам өсімдік бұтасы анықталып, тәркіленді.
Төрт ай ішінде 43 адам ұсталды. Олардың қатарында 7 "жасырып кетуші" бар. Есірткіге қатысты 51 қылмыстық іс сотқа жолданды. Бұдан бөлек, есірткіні медициналық емес мақсатта қолданғаны үшін 74 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Интернет арқылы жасалатын есірткі қылмыстарына қарсы күреске де ерекше назар аударылып отыр. "Кибернадзор" бағдарламасының көмегімен 1022 есірткі сайты бұғатталды. Ал "Антифрод" жүйесі арқылы жалпы сомасы 5 млн теңгеден асатын 313 банк шоты бұғатталған. Сонымен қатар Талдықорған қаласында екі есірткі зертханасының қызметі тоқтатылды.
Есірткіге қарсы профилактика шеңберінде өңірде жыл басынан бері 390 түрлі іс-шара ұйымдастырылды.
- Біздің міндетіміз — есірткіні тарату арналарының жолын кесіп қана қоймай, жастар мен тұрғындар арасында профилактикалық жұмыстарды күшейту, — деді Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының өкілі.
