Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында интернет-алаяқтыққа қарсы ақпараттық науқан күшейтілді

Абай облысында интернет-алаяқтыққа қарсы ақпараттық науқан күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы полиция департаментінің Семей қаласы полиция басқармасына қарасты киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімі тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында кең көлемді ақпараттық науқан өткізді.

Іс-шара аясында қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберістеріне 100-ден астам ақпараттық жадынама орналастырылды. Науқанның басты мақсаты — тұрғындарды интернет-алаяқтықтан сақтандыру және олардың цифрлық сауаттылығын арттыру.

Жадынамаларда SMS-хабарламалар мен күмәнді сілтемелерге қатысты қауіптер, жеке және банк деректерін қорғау жолдары, сондай-ақ интернеттегі алаяқтық әрекеттерден сақтану тәсілдері қамтылған.

Полицейлер азаматтарға электрондық хаттар мен хабарламалардағы белгісіз сілтемелерді ашпауға, жеке мәліметтерді бөгде адамдарға бермеуге, құпиясөздерді тұрақты түрде жаңартып отыруға және екі факторлы аутентификацияны қолдануға кеңес береді.

Мамандардың айтуынша, киберқылмыстың алдын алуда ақпараттық түсіндіру жұмыстары ерекше маңызға ие. Қазіргі цифрлық дәуірде әрбір азамат интернет кеңістігіндегі қауіптерге сергек қарап, жеке деректерінің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы қажет.

Полиция тұрғындарды интернет арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерден сақ болуға, күмәнді хабарламаларға немқұрайлы қарамауға және ақпараттық қауіпсіздік ережелерін күнделікті өмірде ұстануға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру