Павлодар облысында 60 жас полиция қызметкері ант қабылдады
Павлодар облысы полиция департаментінде жас полицейлер мен олардың тәлімгерлерінің жыл сайынғы слеті өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Iс-шара қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды.

Ескерткіш тақта алдында әріптестері, тәлімгерлері мен қызметтестері қатысқан салтанатты жағдайда 60 жас қызметкер Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге ант қабылдады.
Жас мамандарды айтулы оқиғамен құттықтаған Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жандос Орумбаев полиция қызметкерінің басты міндеті – мемлекет пен азаматтардың мүддесін қорғау, олардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті.

Слет аясында қатысушылар Достық үйіне барып, онда отставкадағы полиция полковнигі Ерғанат Дюсекенов жас полицейлерге ақжолтай тілегін айтып, қызметтік жолда бағыт-бағдар берді. Сондай-ақ облыстық полиция ведомствосының бөлімше басшылары мен ардагерлері жас әріптестеріне өздерінің ақыл-кеңестері мен ізгі тілектерін жеткізді.
Бұдан кейін Ертіс өзеніне батып бара жатқан қызды құтқарған азамат Елдос Қойкенмен кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында жас қызметкерлерге батылдық пен азаматтық жауапкершіліктің маңызы жөнінде тағылымды әңгіме айтылды.

Жас полицейлерді патриотизмге және қызметтік борышқа адалдыққа тәрбиелеу мақсатында қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан әріптестердің рухына арналған "Навсегда в наших сердцах" деректі фильмі көрсетілді.
Сондай-ақ слетке қатысушылар Павлодар облысы полиция департаментінің Тарих және жауынгерлік даңқ музейіне барып, құқық қорғау органдарының қалыптасуы мен даму тарихымен танысты.
Экскурсия жедел басқару орталығында жалғасты. Мұнда жас мамандарға үлкен экран арқылы қалалық бейнебақылау жүйесі көрсетіліп, заманауи технологиялардың өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі мүмкіндіктері таныстырылды.

Ведомство бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастырып, тәлімгерлік дәстүрлерін нығайтуға, кәсібилік, патриотизм және жоғары моральдық қағидаттар негізінде құқықтық тәртіпті қорғаушылардың жаңа буынын қалыптастыруға басымдық береді.
