Семейде полицейлер мен медицина қызметкерлері ер адамға көмек көрсетті
Семейде полицейлер мен медицина қызметкерлері ер адамға көмек көрсетті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Cемей қаласында қарапайым серуен күтпеген жерден адамға деген жанашырлық пен жедел қызметтердің үйлесімді жұмысының жарқын үлгісіне айналды.
Шоқан Уәлиханов көшесінде, "Береке" асханасының маңында қала тұрғыны бетон үстінде жатқан ер адамды байқайды. Оның медициналық көмекке мұқтаж болуы мүмкін екенін түсінген әйел бірден 102 нөміріне хабарласқан.

Оқиға орнына "Боран-651" патрульдік полиция экипажы жедел жетті. Ер адам полицейлердің оятуға жасаған әрекеттеріне жауап бермеген. Осыған байланысты тәртіп сақшылары дереу жедел жәрдем шақырып, медицина қызметкерлері келгенше оның жанында болған.
Көп ұзамай оқиға орнына жедел жәрдемнің 15-бригадасы келіп, қажетті медициналық көмек көрсетті. Полицейлер медицина қызметкерлеріне ер адамды абайлап зембілге жатқызып, көлікке жеткізуге көмектесті.
Оқиғаның куәгері полиция және жедел жәрдем қызметкерлеріне жеделдігі, жанашырлығы мен үйлесімді жұмысы үшін алғысын білдірді.
- Полиция келген кезде өзімді бірден қауіпсіз сезіндім. Сол сәтте "Менің полициям мені қорғайды" деген сөздердің мәнін өз басымнан өткергендей болдым. Адам өмірі үшін күресіп, ең маңызды құндылықты қорғап жүргендеріңізге рақмет! Әрқайсыңыз әртүрлі салада қызмет етсеңіздер де, сіздерді бір мақсат — адам өмірін сақтау біріктіреді, — деді қала тұрғыны.
Бұл жағдай адам өмірін сақтап қалуда дер кезінде жасалған бір ғана қоңыраудың қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Көмекке мұқтаж немесе дәрменсіз жағдайда жатқан адамды көрсеңіз, бейжай өтпеңіз. Дереу 102 немесе 103 нөмірлеріне хабарласыңыз.
