Отбасымен Түркияға саяхаттамақ болған елорда тұрғыны алаяқтың арбауына түсті
Отбасымен Түркияға саяхаттамақ болған елорда тұрғыны алаяқтың арбауына түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласы Сарыарқа ауданы ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері алаяқтық жасаған 44 жастағы елорда тұрғынын анықтады.
Тергеу барысында қаскүнемнің Түркияға отбасымен демалуға жолдама беремін деген сылтаумен қомақты ақша иемденгені анықталды. Елорда тұрғынынан 2,8 млн теңгеден астам қаражатты толық көлемде алып, ұмытылмас демалыс ұйымдастыруға уәде берген алаяқ өтініш білдірген клиентті демалыссыз қалдырған. Алданған азамат амалы қалмаған соң, тәртіп сақшыларына арызданған.
Белгілі болғандай, анықталған азаматшаның бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Ол бұрын туристік компанияда қызмет атқарған. Клиенттермен қалай сөйлесу керектігін жақсы меңгеріп, демалыс орындары туралы толық мағлұмат бере алған. Осылайша аңғал адамдарды арбауына түсірген. Тәртіп сақшылары оның тағы бір алаяқтық фактісіне қатысы бар екенін анықтады.
Қазіргі уақытта аталған фактіге байланысты ҚК-нің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.