Ақтөбе облысында жыл басынан бері 338 келіден астам есірткі тәркіленді
Ақтөбе облысында жыл басынан бері заңсыз айналымнан 338 келіден астам есірткі тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы жылы Ақтөбе облысының аумағында 238 есірткі қылмысы анықталып, 338 келіден астам есірткі тәркіленген, оның басым бөлігін, яғни 322 келісі марихуана есірткі затын құрайды. Бұл туралы облыстық полиция ведомствосының басшысы Абай Жусупов өңірдегі жедел жағдай туралы брифингте хабарлады.
Осы жылдың наурыз айында Ақтөбе облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында 34 жастағы азаматты ұстады. Ақтөбе қаласында жалға алған гаражын тінту барысында одан жалпы салмағы 100 килограмнан асатын марихуана табылып, тәркіленді.
Өңір полицейлері синтетикалық есірткінің заңсыз айналымымен байланысты 37 қылмысты анықтап, 8 килограмнан астам синтетика тәркілеген. Сәуір айында жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Мұғалжар ауданының 39 жастағы тұрғынының басқаруындағы Mazda автокөлігі тоқтатылды. Тінту барысында одан жалпы салмағы 2 келі 800 гр синтетикалық есірткі заттары табылды. Қазіргі уақытта бұл азамат 11 жылға сотталды.
Биылғы жылдың күз айында тәртіп сақшылары есірткі өсіру үшін жера стынан зертхана жасаған ауыл тұрғынын да анықтаған.
Қазан айында полиция қызметкерлері тыйым салынған өсімдіктерді өсірумен айналысқан Алға ауданының 32 жастағы тұрғынын ұстады. Тінту барысында оның үйінің ауласынан және шатырынан 100-ге жуық түп қарасора бұталары мен есірткі өсіруге арналған заттар тәркіленді.
Есірткі қою және таратумен айналысатын азаматтар да полицейлермен уақтылы анықталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Қазан айында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Ақтөбе қаласында 26 жастағы жігіттен ішіне ақ түсті ұнтақ зат салынған 100 түйіншек тәркіледі.