Қызылорда облысында тергеу мекемесінің ұжымы қайырымдылық акциясын ұйымдастырды
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №68 мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері қайырымдылық акциясын ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
16 желтоқсан мен 3 қаңтар арасында ұйымдастырылып жатқан “Мейірімді жүрек” қайырымдылық акциясы қарсаңында көпбалалы асыраушысынан айырылған ана мен тергеу мекемесінде отставкаға шыққан 30 жылдық тәжірибесі бар ардагер Болат Бейсенбиннің үйіне барып, жаңа жылдық көңіл-күй сыйлап, екі отбасына азық-түлік салынған себет сыйға тартылды.
ҚАЖД қызметкерлері асыраушысынан айырылған көпбалалы ананың үйіне барып, бүлдіршіндерді жаңа жыл мерекесімен құттықтап, үйге қажетті азық-түлікпен, яғни ұн, күріш, балаларға тәттілер, май тағы басқа қажетті заттар берді.
– №68 тергеу мекемесінің ұжымына алғысымды білдіремін. Балаларымның азын-аулақ ақшасына күн көріп келеміз. Жұмыс жасап қаражат табайын десем, балапандарым әлі кішкентай болған соң тек солардың ақшасымен күн көруімізге тура келеді. Алып келген азық-түліктеріңіз бізге бір көмек, – деді жалғызбасты ана.
Сонымен қатар ҚАЖД қызметкерлері үйінде жұбайы екеуі ғана тұратын ардагерлерге де барып қайтты.