Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Теміржол төсемін белгіленбеген жерден кесіп өткен мыңнан астам азамат жауапқа тартылды

Елімізде қаңтар айының басынан бері теміржол төсемін белгіленбеген жерден кесіп өткені үшін мыңнан астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

8-12 қаңтар аралығында көліктегі полиция департаментінің қызмет көрсету аумағында «Көліктегі қауіпсіздік» атты кең ауқымды акция өтіп жатыр. Айтулы акцияның мақсаты – көлік объектілерінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық орындарда жасалатын қылмыс пен жазатайым оқиғалардың алдын алу.

Қаңтар айының бірінші онкүндігінде жылжымалы құрамның астына 4 азамат түсті, оның ішінде 2 дерек өліммен аяқталды. Темір жол төсемін белгіленбеген жерден кесіп өткені үшін 1024 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Мәселен, 9 қаңтарда Ақмола облысының Қара-Адыр станциясында жүк пойызының машинисі теміржолда бөгде адамның болуына байланысты шұғыл тежеу қолданды. Тексеру барысында көлік полицейлері белгіленбеген жерден темір жолды кесіп өткен Ақмола облысының 69 жастағы тұрғынын анықтады.

Құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің 559-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бұл баптың санкциясы ескерту жасауға немесе үш айлық есептiк көрсеткiш (11 076 теңге) мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. Көлік полицейлері теміржол көлігі объектілеріндегі қауіпсіздік ережелеріне сәйкес белгіленбеген жерлерден темір жолды кесіп өтуге тыйым салынғанын еске салады. Теміржолдан өту үшін арнайы жабдықталған жаяу жүргіншілер өткелдерін (туннельдер, көпірлер) пайдалану қажет.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру