Пойызда ішімдік ішкен жолаушылар жауапқа тартылды
Пойызда ішімдік ішкен жолаушылар жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері Алматы – Қостанай бағытындағы жолаушылар пойызын патрульдеу кезінде қоғамдық тәртіпті бұзған екі ер адамды анықтады.
Тексеру барысында құқық бұзушылардың Қостанай облысының 41 және 58 жастағы тұрғындары екендігі белгілі болды. Олар жол бойында спирттік ішімдіктер ішіп, қастарындағы жолаушыларға балағат сөздер айтқан. Екеуі де Ақмола облысының Атбасар станциясыда акт бойынша пойыздан түсірілді. Араққа сылқия тойған азаматтар полиция бөлмесіне жеткізу кезінде билік өкілдерінің заңды талаптарына бағынбаған.
Оларға қатысты бірден үш, яғни, алкогольдік ішімдіктерді ішкені немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені, ұсақ бұзақылық жасағаны, сондай-ақ құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, әрқайсысына 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Ұсақ бұзақылық пен бағынбау бойынша материалдар тиісті шешім қабылдау үшін Рудный қалалық сотына жолданды.
Дәл осындай оқиға Қостанай станциясында да орын алды. Бұл жолы көлік полицейлері Нұрлы-Жол – Орал бағытындағы жолаушылар пойызынан Ақтөбе қаласының 60 жастағы тұрғынын түсіріп алды. Егде жастағы жолаушы пойызда алкогольдік ішімдік ішіп, өз орнында киімдерін шешіп, тыр жалаңаш қалпында ұйықтаған. Осылайша, өзінің сыртқы келбетімен адамның қадір-қасиеті мен адамгершілігін қорлайтын іс жасаған.
Оған алкогольдік ішімдіктерді ішкені үшін 5 АЕК айыппұл салынып, ұсақ бұзақылық жасағаны бойынша әкімшілік материал сотқа жолданды.
Естеріңізге сала кетейік, құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау — отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не он бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
Ал, ұсақ бұзақылық жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не бес тәуліктен он бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.