СҚО полицейлері жолда қиын жағдайға тап болған Моңғолия азаматына көмектесті
СҚО полицейлері жолда қиын жағдайға тап болған Моңғолия азаматына көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысында күрт құбылмалы ауа райы жүргізушілерге тағы да қиындық туғызды. Температураның өзгеруі, мұздың пайда болу қаупі және қардың көп жаууы көлікті басқару кезінде үлкен қырағылықты қажет етеді.
Жамбыл ауданы Пресновка ауылының маңындағы Мамлют – Қостанай автожолының 99-шақырымында 18 тонна газдалған сусын тиелген MAN жүк көлігі жолдан шығып кеткен. Оның рөлінде Қостанай қаласының 24 жастағы тұрғыны болған. Оны Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті патрульдік полиция батальонының қызметкерлері байқап, Пресновка ауылдық округі әкімдігінің қолдауымен көмектесті. Жол пайдалану учаскесінің басшылығы мен «Жамбыл Агро-техника» ЖШС қарды тазарту үшін ауыр техниканы ұсынды. Жергілікті тұрғын Александр Казарец Урал жүк көлігімен MAN көлігін жолға сүйреп шығарды. Тәртіп сақшылары осы жұмыстар кезінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз етумен айналысты.
– Жүргізушілерден ауа райы болжамдарын назарға алуды, автожолдардың жабылуы туралы қызметтердің хабарламаларын қадағалауды сұраймыз. Сондай-ақ көлік құралының техникалық жағдайын қадағалаңыз. Челябі — Новосибирск тасжолының 588-шақырымында батальон қызметкерлері Моңғолия азаматына көмек көрсету үшін тоқтаған. Оның Volvo ауыр жүк көлігінің генераторы істен шыққан. Электр қуаты болмағандықтан, көлігі салқындай бастаған. Қызметкерлер жүргізушіге патрульдік көліктің салонында жылынуға мүмкіндік беріп, көлікті жөндеуге көмектесті. Жолда, әсіресе қыс мезгілінде абай болыңыз, жол ережелерін қатаң сақтаңыз, – дейді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбах.